Шаруашылық • 09 Қаңтар, 2026

Берік Базарбаев: «Арамшөп – астықтың басты жауы»

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Түстік өмірің болса, кештік мал жина» деген қағиданы бұлжытпай орындайтын шаруашылық иелерінің бірі – диқандар десек, артық айтқандығымыз емес. Көктемгі егістікке қазірден қызу дайындық жүргізіп жатқан сала мамандары ізденісін бір сәт те тоқтатқан емес. Осы орайда ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру бағытында ғылым мен тәжірибені ұштастыруға ерекше көңіл бөліп жатқан А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының өсімдіктерді қорғау зертханасының аға ғылыми қызметкері Берік Бектұрұлы Базарбаевпен әңгімелескен едік. Ғалым Ақмола облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан 019 бюджеттік бағдарлама – «Инновациялық тәжірибені тарату және енгізу бойынша қызметтер» аясындағы жұмыстарға белсенді қатысып қана қоймай, ізденіс нәтижелерін де бүкпесіз ортаға салды.

Берік Базарбаев: «Арамшөп – астықтың басты жауы»

 – Ақмола облысында ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу қалай жүзеге асырылып жатыр?

– Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының қолдауымен арнайы бюджеттік бағдарлама іске асырылуда. Оның басты мақсаты – климаттың өзгеруі мен топырақтың қазіргі жағдайын ескере отырып, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру. Ғылыми әзірлемелер өңірдің әртүрлі топырақ-климаттық аймақтарында орналасқан арнайы іріктелген пилоттық шаруашылықтарда сынақтан өткізілуде. Бұл зерттеу нәтижелерін нақты өндірістік жағдайға бейімдеуге мүмкіндік береді.

– Өңір егістіктерінде арамшөптердің қандай түрлері жиі кездеседі?

– Тәжірибе көрсеткендей, арамшөптен толық таза егістік іс жүзінде жоқ. Көптеген алқаптарда ластану деңгейі орташа немесе жоғары. Топырақтың жыртылатын қабатында бір гектарға шаққанда 100 миллионнан 3–4 миллиардқа дейін арамшөп тұқымы жиналуы мүмкін. Сонымен қатар көпжылдық арамшөптердің вегетативтік көбею қорлары да өте мол. Егістіктерде жиі кездесетін түрлерге кәдімгі сұлыбас (овсюг), тауық тарысы, жасыл және көкшіл қылтанақ, иіссіз түймедақ, дала яруткасы жатады. Ал көпжылдық арамшөптерден дала шырмауығы, лозалы сүттіген, жатаған бидайық пен дала ошағанын ерекше атап өтуге болады.

астық

– Бұл арамшөптер бидай үшін неліктен аса қауіпті?

– Арамшөптердің зияндылығы олардың биологиялық ерекшеліктерімен және агротехникалық талаптардың толық сақталмауымен тікелей байланысты. Олар топырақтағы қоректік заттардың тепе-теңдігін бұзып, су-ауа, жылу және жарық режиміне кері әсер етеді. Нәтижесінде топырақ құнарлылығы төмендейді. Мысалы, сұлыбас, дала ошағаны мен лозалы сүттіген вегетацияның кей кезеңдерінде мәдени дақылдарға қарағанда 1,5–2 есе көп ылғал пайдаланады. Соның салдарынан тамыр аймағындағы топырақ ылғалдылығы 2–5 пайызға дейін азаяды. Сұлыбас бидай өнімін 15–40 пайызға дейін төмендетсе, жатаған бидайық қуатты тамыр жүйесі арқылы егістікті тез басып, мәдени өсімдіктерді тұншықтырады.

– Арамшөптермен күресте қандай әдістер тиімді?

– Уақтылы әрі дұрыс жүргізілген топырақ өңдеу біржылдық және көпжылдық арамшөптердің санын 50–60 пайызға дейін азайта алады. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығында минималды өңдеу технологиялары – аудармай жырту, аңыз қалдыру, мульчирование кеңінен қолданылуда. Бұл тәсілдер арамшөптердің тіршілік ету жағдайын түбегейлі өзгертеді. Ең бастысы – күресті кешенді жүргізу. Классикалық агротехникалық әдістерді заманауи технологиялармен және химиялық бақылаумен үйлестіру ғана нақты нәтиже береді.

– Фермерлерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Қазіргі интенсивті егіншілік жағдайында арамшөптермен күрес – өнімділікті арттырудың негізгі тетіктерінің бірі.Фермерлерге арамшөппен ластану деңгейін тұрақты бақылауды, ауыспалы егісті сақтауды, сапалы тұқым пайдалануды, гербицидтерді оңтайлы мерзімде қолдануды және әсер етуші заттарды алмастырып отыруды ұсынамын. Арамшөптердің биологиялық ерекшеліктерін ескеріп, ғылыми негізделген кешенді тәсілді қолдану – тұрақты өнім мен ауыл шаруашылығындағы табыстың кепілі.

Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

 

 

 

 

Соңғы жаңалықтар